“Пробация кабинетін” ашпақпыз
Ашылу салтанатында аудан прокуроры Ерлан Хисметуллин: - Аудандық прокуратураның бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру жазасын өтеп келгендерге әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету, қайталап қылмыс жасауының алдын алу бағытында аурухананың бірінші қабатынан “Пробация кабинетін” ашпақпыз. Ол әр аптаның сәрсенбі күні сағат 10.00-12.00 және түстен кейін 15.00-17.00 аралағында жұмыс жасайды. Мұнда келіп прокуратура, пробация қызметі, аудандық жұмыспен қамту орталығы, аудандық орталық аурухана психологы, жұмыспен қамту орталығы мекемелері тарапынан көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндіктеріңіз мол. Бұл шара өкілетті органдардың қызметін жандандырып ғана қоймай олардың бірлесе қимылдауын нығайта түсетініне сенімдімін, - деді.
Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев: - пробация қызметінің есебіндегі адамдарды қоғамға бейімдеу, оның белсінді, толыққанды мүшесі екенін сезіндіру. Өмірде сүрінбейтін, қателеспейтін адам жоқ. Осындай жағдайға тап болдым деп қапаланбаңыздар. Түзелу, өмірді қайтадан бастау өз қолдарыңызда. Қазір кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамдарға Үкімет тарапынан әртүрлі бағдарламалар арқылы көмектер берілуде екенінен хабардарсыздар. Өздеріңіз түсінбей жүрген мәселелер болса осында келіп айтып, әртүрлі қызметтерді алуға болады, - деді.
Аудандық орталық ауруханының бас дәрігері Гүлсара Мүтиева: - Бізде екі психолог маман бар. Олар әкімшілік, прокуратура қызметкерлерімен бірге сіздерге психологиялық тұрғыдан көмек көрсетіп, кеңестерін береді. Күйзелісте жүрсеңіздер немесе басқа бір қиындық туындаса осында келсеңіздер ақыл-кеңесін айтады. Жеке немесе әлеуметтік қарым-қатынаста болсын сіздерге олардың көп көмегі тиеді деп есептейміз, - жаңа орынның қызметіне сәттілік тіледі.